АЛМАТЫ, 5 тамыз – Sputnik. 35 жасқа дейінгі алматылық мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және БАҚ қызметкерлері "Алматы жастары 3.0" жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша баспана сатып ала алады. Бұл жайында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында хабарлады.
"Алматы жастары 3.0" бағдарламасы бойынша қала жастары бастапқы жарнасы 10%, жылдық мөлшерлемесі 5% және несиені 25 жылға дейін ресімдеп пәтер сатып алатын болады. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі қала тұрғындары қатыса алады.
"Жыл басынан бері төлем қабілеттілігін растау үшін 1 035 адам жолдама алды. Қалада тіркеуінің болу керектігі туралы талап алынғаннан кейін тағы 526 азамат жолдама алса, 457-сі резервке енгізілді. Бірінші кезең бойынша іріктеуден өткен жастар өздеріне пәтер таңдап алды. Айта кету керек, тұрғын үйді бастапқы және екінші нарықтан таңдау құқығы бар", - деді қала әкімі.
Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев 2020 жылдың 19 ақпанында есеп беру жиынында жастарға баспана алуға арнайы тұрғын үй бағдарламасы әзірленгенін хабарлады.
Бағдарлама бойынша 13 миллион теңгеге дейінгі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен беріледі.
Оқи отырыңыз: Баспана алу тәртібі қалай өзгерді: "сатылы жүйенің" ерекшелігі қандай?
Бағдарлама бойынша кредитті қайтару мерзімі – 3 жылдан 25 жылға дейін, ол төлем қабілеттілігі бойынша жеке есептеледі. Бастапқы жарна – 10%.