НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Шілденің басында қазақстандық мамандарға коронавирус инфекциясымен күресуге көмектесу үшін келген ресейлік дәрігерлер жұмысын аяқтап, отанына оралды, деп хабарлады Ресейдің Қазақстандағы елшілігі.
"Ресей үкімет басшысы Михаил Мишустин мен Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің келісімі аясында 6 шілдеде Қазақстанға келген ресейлік мамандар тобы коронавирустың таралуына қарсы күресте республикалық және өңірлік медициналық ұйымдарға тәжірибелік және консультативтік көмек көрсету бойынша миссиясын сәтті аяқтады", - делінген елшіліктің Facebook-тегі хабарламасында.
Дүйсенбі, 3 тамызда дәрігерлер Ресей ТЖМ арнайы ұшағымен Қазақстаннан кетті.
Оған дейін қабылдаушы тарап бауырлас Қазақстанға пандемияның шарықтау кезеңінде дер кезінде көмек көрсеткені үшін, сондай-ақ республикадағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғысын білдірді.
"Біз де Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларының басшылығына ресейлік мамандарды жылы қабылдап, жақсы қарым-қатынас жасағаны үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз", - деп атап өтті Ресей елшілігі.
Дипломатиялық қызметтің өкілдері "бірлескен жұмыс тәжірибесы екі елдің салалық ведомстволары арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты, мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен Қазақстан және Ресей халықтарының достығын одан әрі нығайтуға қызмет етеді" деген сенім білдірді.
Шілде айының басында анестезиолог-реаниматологтар, жұқпалы аурулар жөніндегі мамандар, пульмонологтар, эпидемиологтар COVID-19 індетімен күресу үшін Қазақстанға жіберілді. Жұмыс қорытындысы бойынша дәрігерлер Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің "Ерен еңбегі үшін" төсбелгісімен марапатталды.