АЛМАТЫ, 3 тамыз – Sputnik. Қазақстанда екі айда 174 адам суға кетіп көз жұмды. Бұл жайында төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
27 шілде мен 2 тамыз аралығында 17 адам, оның ішінде кәмелеттік жасқа жетпеген бес бала суға батып, көз жұмды.
Сонымен қатар 2019 жылмен салыстырғанда суға шомылу маусымы басталғаннан бері Ақтөбе (18 адам) мен Шығыс Қазақстан (35 адам) облыстарында суға батып кеткен адамдардың саны өсіп отыр. Өткен жылы Ақтөбеде 11 адам, Шығыс Қазақстанда 32 адам суға кеткен.
"Сондай-ақ, 1 маусымнан 31 шілдеге дейін суға шомылу кезінде мас күйінде, суға батып бара жатқан адамды құтқару және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру кезінде 174 адам, оның ішінде 53 бала суға кетіп, көз жұмды", – делінген комитет хабарламасында.
Ал суға шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында 88 адам, оның ішінде 16 бала құтқарылды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда қайда шомылуға рұқсат етілген
Айта кетейік, Қазақстанда суға шомылуға рұқсат етілген 445 орын анықталды, 5 260 ескерту белгісі орнатылды.
Полиция департаменті мен волонтерлік ұйымдар бірігіп 1 маусымнан бастап 16 мың рейд және патрульдеу жүргізді. Нәтижесінде, 4 557 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы ("алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") және 364-бабы ("Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша 8,6 миллион теңге айыппұл салынды.