НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады, деп хабарлайды akorda.kz сайты.
Есеп комитетінің төрағасы мемлекет басшысына дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жұмсалуына мониторинг жүргізу барысы және квазимемлекеттік сектор компанияларының активтерін тиімді басқаруға жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындылары туралы есеп берді.
Наталья Годунованың айтуынша, экономиканы қолдауға және пандемиямен күреске бағытталған ресурстарды есеп комитеті мен тексеру комиссиялары жіті бақылап отыр. Үкімет қабылдаған шаралардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі осы жылдың соңына дейін бағаланатын болады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев есеп комитетінің жақында өтетін отырысында аудит қорытындыларын заңнамаға сәйкес қарастыруды және мемлекеттік активтерді тиімсіз басқаруға қатысты анықталған деректер бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды", – делінген хабарламада.
Президент пікірінше, есеп комитеті ауқымды әрі тиімді жұмыс жүргізіп отыр. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: үкімет карантин режимін сақтау шараларын күшейтуге міндетті