НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшылары бірін-бірі күллі мұсылманның мерекесі Құрбан айтпен құттықтап, Қазақстан мен Түркияның бауырлас халықтарына бақ-береке тіледі.
"Өкінішпен естідім": Түркия президенті Назарбаевқа жеделхат жолдады
Әңгімелесу барысында президенттер екі елдегі қазіргі эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараның COVID-19 пандемиясына қарсы тиімді іс-қимылдарын жоғары бағалап, Режеп Тайип Ердоғанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
"Тараптар коронавирустың салдарын жою және дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарында күш-жігерлерін одан әрі жұмылдыра беруге уағдаласты", - деп жазылған хабарламада.
Екі елдің президенттері Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын қарастырды. Екіжақты сауда-саттықтың оң қарқынын сақтаудың және бірлескен инвестициялық жобаларды, әсіресе, денсаулық сақтау, "жаңа экономика" және ауыл шаруашылығы салалары бойынша бастамаларды жүзеге асырудың маңызды екені атап өтілді.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.