Қоғам

Карантин кезіндегі Құрбан айт: ұлық мерекеде қандай шектеулер енгізілді?

© Sputnik / Абзал КалиевНұр Астана мешіті
Нұр Астана мешіті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Карантинге байланысты мешіттерде Құрбан айт намазы оқылған жоқ, мүфтият қазақстандықтарға онлайн құрбандық шалу мүмкіндігін ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Бүгін барша мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт басталды. Қазақстан тарихында алғаш рет мешіттерде айт намазы оқылмады. Қалаларда бұрынғыдай құрбандық шалуға рұқсат жоқ. Осы жолы тек онлайн тапсырыспен ғана құрбандық малы сойылады. Себебі карантиндік шектеулер тағы ұзартылды. Sputnik Қазақстан биылғы Құрбан айттың негізгі ерекшеліктеріне шолу ұсынады.

"Үрейге емес, үмітке қанат бітірейік"

Мамыр айында Қазақстанда төтенше жағдай режимі тоқтатылған болатын. Алайда коронавирус пандемиясы тоқтаған жоқ. Содан карантин шараларын жалғастыруға шешім қабылданды. Мешіттер толығымен ашылмады. Ораза айт намазы да алғаш рет көпшілікпен оқылмады.

Маусымда вирус жұқтырғандардың саны күрт көбейді. Ал 5 шілде күні республика бойынша екі апталық қатаң карантиндік шаралар енгізілген болатын. Артынан оны тағы екі жетіге созып, 3 тамызға дейін апарды. Қатаң шектеулер кезінде мешіттерді ашуға рұқсат жоқ. Демек, Құрбан айт намазын да оқуға болмайды. Осы орайда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сындарлы сәтте айналадағы адамдарды үрейге емес, үмітке шақыруға үндеді. 

Тағы оқыңыз: Бір қой – 50 мың теңге: бас имам түсініктеме берді

"Біз - өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңынан жақсылық күткен халықпыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатта сағымызды сындырып алмайық. Қадірлі жамағат, біз қазір сындарлы сәтте отырмыз. Мұндайда халық даналығы "Бетеге кетсе, бел қалар. Бектер кетсе, ел қалар. Берекең кетсе, не қалар?" демей ме? Ардақты Пайғамбарымыз айтқандай, жақсы сөйлеп, айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес, үмітке қанат бітірейік", - дейді Тағанұлы.

Онлайн-құрбандық

Мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмаса да, жағдайы келген әрбір мұсылманға құрбан шалу уәжіб екені белгілі. Осыны ескере отырып, діни басқарма халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Бас мүфтидің айтуынша, ондай тәжірибе Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекетінде бұрыннан қалыптасқан және жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Карантинге байланысты Қазақстан да осы бастаманы қолға алуға мәжбүр болды.

24 шілде күні мүфтият qurban2020.kz сайтының ашылғанын жариялап, сол арқылы құрбандық шалуға онлайн тапсырыстар қабылдауды бастады. Ондай жүйенің басты ерекшелігі сол, құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Былайша айтқанда, тапсырыс берген адам бұрынғыдай еттің бір бөлігін үйге алып, туған-туыс пен дос-жаранға дастарқан жая алмайды. Себебі карантиндік талаптар бұзылады. Адамдар бір-біріне айтшылап, қонаққа барады. Сондықтан онлайн-құрбандықтың барлық етін мұқтаж адамдарға таратуға шешім қабылданды.

Шариғат не дейді?

Онлайн тапсырыстарды орындау үшін арнайы мал соятын жерлер ашылды. Оған тек имамдарды және қасапшыларды ғана кіргізеді. Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповтың айтуынша, құрбандық шалуға  шариғат талаптарын білетін 40 қасапшы тартылады. Оларда арнайы куәліктер де бар.

"Құрбандық шалынғанда әрбір адамның аты аталады. Содан соң тапсырыс берген адамға есеп жібере аламыз. Ал еріктілер құрбандықтың етін мұқтаж адамдардың үйіне дейін жеткізіп береді", – дейді Жүсіпов.

Бас имам онлайн-құрбандықтың мән-мағынасын да түсіндірді. Шариғатта оған тыйым жоқ.

"Мысалы, біз қажылық амалын жасаймыз. Сол кезде жасалатын амалдардың бірі – құрбандық шалу. Ал миллиондаған қажы құрбандықты қалай шалады? Ондайда уәкілдік деген болады, яғни, екінші адамға тапсыру арқылы сіздің мойныңыздан міндет түседі. Онлайн-құрбандық та солай", – деген Жүсіпов бұл жерде сенімсіздік танытудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

Бас мүфти болса, осы жобаның алдағы уақытта да жалғасатынына үміттеніп отыр.

Онлайн-тапсырыс қай өңірден көп түсті

Qurban2020.kz сайтында барлық тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданды. Бір күн бұрын жарияланған есепке сәйкес, ең көп тапсырыс Нұр-Сұлтан қаласынан түскен. 434 адам онлайн тапсырыс берген. Басым бөлігі құрбандыққа қойды шалуға ниет еткен. Одан кейін Атырау облысының тұрғындары келеді. Ол жақтан 134 адам қой мен тоқтының ақшасын төлеп қойды. Екінші орында – ақтөбеліктер. Олар да қой мен тоқтыны таңдаған. Жалпы, 29 шілденің есебі бойынша Қазақстанда бір жарым мыңға жуық адам qurban2020.kz арқылы тапсырыс беріпті.

Тағы оқыңыз: Алматыда қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады

Ал мұқтаж адамдардың саны әлдеқайда көп болып тұр. Сайтта құрбандық етін алу үшін өтініш беретін қызмет те бар. Ол арқылы республика бойынша 18 000-нан астам адам өз құжаттарымен қоса, етті алуға өтініш жіберген. Ондай өтініштер Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Қызылорда мен Түркістан облыстарынан көп түсті. Басқа аймақтардан құрбандық етін алғысы келетін мұқтаж адамдар да аз емес.

Мобильді бекеттер қойылды

Бүгінде қалаларда құрбандық шалуға тыйым салынып отыр. Осыған байланысты Алматы, Павлодар және тағы басқа аймақтарда патрульдік бекеттер қойылды. Олардың негізгі міндеті - Құрбан айт кезінде малды заңсыз тасымалдауға жол бермеу. Ал санитарлар, ветеринарлар мен полицейлер көше аралап, тәртіпті қадағалайды.

"Тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы – "Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу" бойынша жауапқа тартылады. Осы бапқа сәйкес, 20 айлық есептік көрсеткіш (55 560 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған", - дейді полицейлер.

Санитар дәрігерлер болса, халықты туған-туыс пен жақындарға айттап барудан, көпшілік жиындардан бас тартуға үндеп отыр.

Сонымен, бүгін біз ерте тұрып,  бұрынғыдай таза киім киіп, хош иіс әтірді сепсек те, мешітке бара алмаймыз. Ағайын-туыс пен көрші-қолаңға барып, айттап шығуға да рұқсат жоқ. Дегенмен, келесі айтта барлығымыз бір сапқа тұрып, намаз оқимыз деген үміт бар. Құрбан айт қабыл болсын!

Жаңалықтар
0