Қоғам

Абайдың туған жерін көру үшін ағайынды жігіттер 46 күн жаяу жүрді

© Sputnik / Жания УранкаеваАбай Кунанбаев
Абай Кунанбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматыдан Семейге жаяу барған ағайынды Дамир мен Дәулет Көшеевтер бұл саяхатын еріктілер жылы және Абайдың мерейтойымен байланыстырды

АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Алматылық ағайынды Дамир мен Дәулет Көшеевтер оңтүстік астанадан Семейге бару үшін 46 күн жаяу жүрді. Олар осы уақыт ішінде 1 200 шақырым қашықтықты артта қалдырып, ақын Абай өскен киелі жерге барды.

Дамир мен Дәулет Көшеевтер алғаш рет осындай ерекше жобаның ортасынан табылды, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

Ағайындылар Алматыдан жаяу экспедицияға 12 маусымда жолға шықты. Олардың айтуынша, бұл ой кенеттен пайда болды. Олар өздерінің бұл жорығын еріктілер жылы мен Абай Құнанбаевтың мерейтойына қарай орайластырды. Өскелең ұрпақтың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға арналған жоба "Абайға апарар жол"деген атауға ие болды.

"Бұл біздің алғашқы жобамыз. Аяқ асты ой келді де, тез жиналып шығып кеттік. Жолда кей адам тоқтап неге көлікпен немесе велосипедпен, атпен шықпағанымызды сұрады. Егер мақсат қойсаң, соған қалай да жетесің. Біз де дәл солай, мақсатымызға жеттік", - дейді ерікті әрі саяхатшы Дамир Көшеев.

Саяхатшылардың айтуынша, көпкүндік сапарға ағайынды Көшеевтермен бірге тағы екі адам бірге шыққан. Алайда олар біраз уақыт өткен соң саяхаттың қиындығына төтеп бере алмай, өз жолдарымен кетті.

"Өзімізге, табиғатқа қарсы келдік... Шығыс Қазақстан облысында үнемі жаңбыр жауып тұрды. Арасында көліктер тоқтап "жеткізіп салайық, біз ешкімге айтпаймыз" деп жатты. Ондай кісілерден құтылу үшін "бізде спутник байланысы бар, бізді бақылап отыр" деуге тура келді. Ал шын мәнінде бұл жай ғана принцип болатын", - деп түсіндірді Дамир Көшеев.

Саяхатшылар күніне орташа есеппен 40 шақырым жүріп отырған. Әрине, арасында қысқа үзілістер де жасады. Абайдың туған жеріне жеткен еріктілер ақын жерленген кесенеге, киелі жерлерге, Абай білім алған медресеге, сондай-ақ, қазақ ойшылы тұрған үйге барды.

Оқи отырыңыз: Абай мерейтойына арналған шаралар қай кезде басталады

Олардың айтуынша, Алматыдан Семейге дейін жаяу жету кезінде өз күш-жігерін сынап көргісі келген. Саяхаттың арқасында Дамир мен Дәулеттің көптеген жаңа идеясы пайда болды. Енді ағайындылар сапар бойы ойлаған ойларын жүзеге асырмақ. Алайда ерікті саяхатшылар жоспарын егжей-тегжейлі айтқысы келмеді.

Жаңалықтар
0