НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Түркістан облысының бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов Құрбан айт кезінде бірқатар шектеулер енгізуді тапсырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас санитардың қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында 31 шілде мен 2 тамыз күндері меншік нысанына қарамастан, барлық ұйымдарда, соның ішінде жеке меншік үйлерде және медреселерде адам көп жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынған.
"Түркістан облысында малды көлікпен және жеке үйлерден сатуға рұқсат жоқ. Малды союға және осы шараны ұйымастыруға тыйым салынсын", – делінген ресми құжатта.
Қаулы бойынша үш күнге мал сою орындары жабылады. Облыста тек орталық мешіттің ұйғаруымен онлайн тапсырыс орындайтын мал сою орындары ғана жұмыс істейді.
Айта кетейік, 24 шілде күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Qurban2020.kz сайтын іске қосқан болатын. Ол арқылы құрбандық малға онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бірақ еттің бір бөлігін үйге алып кетуге болмайды.
Оқи отырыңыз: Құрбан айт мейрамы: онлайн құрбандық шалғысы келетіндер тым аз болып шықты
Құрбандық малдың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады. Онлайн-құрбандық жасау үшін сайт арқылы малды таңдап, ақшасын төлеу керек. Мұқтаж жандар да өтініш қалдыруы қажет. Онлайн тапсырыстар 30 шілдеге дейін қабылданады.