Қоғам

Бір қой – 50 мың теңге: бас имам түсініктеме берді

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, тиын, банкнот
Ақша, тиын, банкнот - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Онлайн-құрбандыққа тапсырыс беруге арналған сайтта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бір қойдың бағасы 50 000 теңге, ал ірі қараның құны 350 000 теңге деп белгіленген

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов Qurban2020.kz сайтында көрсетілген қойдың орташа бағасына түсініктеме берді. Порталда бір қойдың құны – 50 000 теңге, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас имамның айтуынша, бүгінде малдың бағасына қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Мәселен, онлайн-құрбандыққа тапсырыс беруге арналған Qurban2020.kz сайтында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бір қойдың бағасы 50 000 теңге деп белгіленді. Ал ірі қараның бағасы – 350 000 теңге.

"Енді, бір адам  "Мен 30 000 – 40 000 теңгеге бір қой шала аламын" деп, уәж айтуы мүмкін. Бұл жерде мына бір нәрсеге назар аудару керек. Ол – қойдың жасы. Себебі құрбандық малына қойылатын талаптар бар. Сіз алты айға жетпеген немесе арықтау тоқтыны 35 000 – 40 000 мыңға алуыңыз мүмкін. Бірақ ондай бағаға бір жасар қой келмейді. Ал қой бір жасқа толмаса, құрбандықтың орнына жүрмей қалуы мүмкін", - деді Жүсіпов астанада өткен онлайн брифингте.

Тағы оқыңыз: Құрбан айтқа 3 күн қалды: қала билігі құрбандық шалуға қатысты мәлімдеме жасады

Оның сөзіне қарағанда, астанада малдың бағасы жіті зерттелді. Соның негізінде әрбір малдың бағасы қойылған болатын. Оның ішінде қой да бар.

"Қой мен ешкі бір жасар болуы керек. Негізі, 50 000 теңге – бұл өте жақсы баға. Мысалы, Құрбан айт болмай жатып, мешіттерде әртүрлі құрбандық рәсімдері орындалады. Сонда біз базарлармен жұмыс істейміз. Сол кезде орташа баға 50 000 теңге болып тұрады", - деп атап өтті Жүсіпов. 

24 шілде күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Qurban2020.kz сайтын іске қосты. Ол арқылы құрбандық малға онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бірақ еттің бір бөлігін үйге алып кетуге болмайды. Құрбандық малдың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады. Онлайн-құрбандық жасау үшін сайт арқылы малды таңдап, ақшасын төлеу керек. Мұқтаж жандар да өтініш қалдыруы қажет.

Биыл елімізде Құрбан айт мейрамы 31 шілдеде басталады. 

Жаңалықтар
0