Қоғам

Америкалық отбасы асырап алған қазақ баласы Павлодардағы бауырларын тапты

© Photo : pixabay.comТелефон в руках подростка, иллюстративное фото
Телефон в руках подростка, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Талғат бейнеконференция арқылы туған апасымен сөйлесіп, биологиялық ата-анасы өзін 16 жыл бойы іздегенін білді  

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Тайлер (Талғат) Блоттерді бала кезінде америкалық отбасы асырап алған. Қазақ баласы карантин кезінде Павлодарда тұратын биологиялық ата-анасын бірнеше сағаттың ішінде тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Тайлер Блоттерді бала кезінде Қазақстаннан алып кеткен. Содан бауырларымен байланысы үзілді. Бірақ Ерқанат Тасыбаев бірнеше сағаттың ішінде Талғаттың отбасын Павлодардан тапты", - делінген Қазақстан-Америка қауымдастығының ресми парақшасында.

Сол жерде Талғаттың өз жазбасы да жарияланған. Айтуынша, кішкентай кезінде ол балалар үйіне түскен. Сол жерден оны америкалық азаматтар асырап алып, Мичиган қаласына алып кетіпті.

"Осы отбасыда өстім. Олар маған көп нәрсе үйретті. Құдайды таныдым. Жұмыс істеуді және адамдармен араласуды үйреніп жатырмын. Бірақ өз отбасыма ұқсамаймын. Соған ылғи қамығып жүретінмін. Сол үшін мектепте балалар да тиісетін. Үйге барғасын бөлмеме кіріп алып жылайтынмын. Себебі басқаларға ұқсамаймын. Өз-өзімді бағалауым да төмен болды. Онымен күресуге тырыстым", - деп жазды Талғат.

Ол мектепте ылғи өзінің туған отбасын ойлап жүреді. Аға-апаларын көз алдына елестетуге тырысқан. Олардың не істеп жүргенін және қандай кәсіппен айналысып жатқанын білгісі келеді. Мектептен кейін Талғат Лас-Вегасқа көшіп барады. Сол жерде білім алып, жұмыс істейді. Ал карантин басталғасын туған отбасын көруге деген құлшынысы күшейе түсіпті. Содан желіге хабарлама жазып, көмек сұраған. Facebook-тегі Kazcommunity USA тобына қосылып, сол жерге өз хикаясын жазады. 

Оқи отырыңыз: Америкалық отбасы асырап алған қыз Қазақстандағы ата-анасын іздеп жатыр – видео 

"Осылайша, мен өмірлік хикаямды жарияладым... Содан бір сағат бойы телефоныма дамыл болмады. Мен өз постымды 2020 жылы 24 шілде күні сағат 13.00-де жарияладым. Осыдан бастап көп қазақтар маған хат жазып, өз көмектерін ұсынды", - дейді Талғат.

Оның сөзіне қарағанда, кешкі сағат 17:00-де бір жігіт байланысқа шыққан. Ол мемлекеттік органдарда таныстарының бар екенін жеткізіп, солар арқылы отбасыңды табуға тырысамын деп жазған. Ал үш сағаттан кейін қуанышты хабарын жеткізіпті. Ерқанат Тасыбаев бейнеконференцияны да ұйымдастырып берген. Тайлер өзінің апасымен сөйлесті. 

"Бірнеше сұрақ қоямын деп ойлағанмын. Ол мені бірден түсінді. Анам туралы, ағаларым жайында айтып берді. Бұл менің үлкен апам... Олар мені соңғы 16 жыл бойы іздеген екен. Балалар үйіне де барған. Бірақ ол жердегілер ешқандай ақпарат бермеген. 16 жылдан кейін мен биологиялық отбасыммен байланыс орнаттым. Мен өз отбасымды таптым!", – деп жазды Тайлер.

Жаңалықтар
0