Қоғам

Тоқаев Сағадиев туралы: артында өшпес із қалдырды

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев та көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде — Sputnik. Мемлекет басшысы академик Кенжеғали Сағадиевтің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері, ҚР Ғылым академиясының бұрынғы президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

"Кенжеғали Әбенұлы мемлекетімізді дамыту ісіне мол үлес қосты. ҚР Ғылым академиясына және Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне басшылық жасады. Парламент мәжілісінің ІІІ және IV шақырылымдарының депутаты болып, отандық заңнаманы жетілдіруге атсалысты, ұзақ жылдар бойы ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі. Артында өшпес із, ұлағатты ұрпақ, ғылыми мұра қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", —  делінген жеделхатта.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев та көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиевтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ол академик абыройлы қызметі мен бойындағы азаматтық асыл қасиеттерінің арқасында халқымыздың лайықты құрметі мен қошеметіне бөленгенін айтты. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деген сенім білдірді.

Туыстары Сағадиев коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан болатын. Жаназаға академиктің отбасы ғана қатысады. Көрнекті ғалымның жылы 2021 жылдың 25 шілдесіне бекітіліп отыр. 

Академик 18 ақпанда 82 жасқа толған еді.

Жаңалықтар
0