НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында құзырлы орган өкілдері заңсыз сатылып жатқан медициналық препараттарды тәркілеу бойынша арнайы рейд ұйымдастырды, деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қалалық прокуратура өкілдері мен полицейлерден құралған бақылау тобының мүшелері заңға қайшы әрекеттерді анықтау мақсатында дәріханаларға рейд жүргізген.
"Іс-шара басталғалы медициналық дәрі-дәрмекті сату тәртібін бұзудың 84 фактісі анықталып, 96 адам ұсталды. 5 026 қап дәрі, 179 дене қызуын өлшейтін құрал мен 250 мыңнан астам медициналық маска және 20 мыңға жуық медициналық қолғап, 679 литр антисептик тәркіленді", – делінген хабарламада.
Тәркіленген препараттардың жалпы соммасы 19 миллион теңгені құрады. Дәрі-дәрмек бағасын көтеріп сатқан 50 тұлға жауапкершілікке тартылып, 400 дәріхана тексерілді.
Оқи отырыңыз: Президент дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі қай кезде шешілетінін айтты
Сондай-ақ, рейд жүргізген соңғы екі күн ішінде медициналық препараттардың бағасын көтеріп жіберген 11 дәріхана анықталды. Аталған фактіге байланысты қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.