АЛМАТЫ, 24 шілде– Sputnik.Түркістан облысының полициясы әлеуметтік желіде тараған " Шорнақ ауылында өзбек ұлтының өкілдері учаскелік полицияға шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Polisia.kz порталының мәліметінше, Шорнақ елді мекеніндегі тұрмыстық жанжалды арандатушылар өз пайдасына жаратып, тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеп отыр.
Полиция арандатушылар құқықбұзушылыққа үндейтін негізсіз және ескі видеоларды таратып жатқанын хабарлады.
"Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, арандатушылық белгілерін анықтап жатыр. Осы уақытқа дейін елді дүрліктіруге бағытталған жалған ақпарат таратушы алты адам анықталды", - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Шорнақ ауылында тұрғындар арасында жанжал шыққаны жайлы бірнеше видео тараған болатын.
Оқи отырыңыз: Полиция Түркістан облысындағы жанжалға түсініктеме берді
Түркістан облысының полиция департаменті "өзбек ұлтының өкілдері Шорнақ ауылындағы учаскелік полицейге шабуыл жасады" деген ақпараттың жалған екенін және шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Осындай ақпарат таратушыларға заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Түркістандағы тұрмыстық жанжал
Түркістан облысының Шорнақ ауылында тұрмыстық жанжал болды. Бұзақылар ауыл тұрғынының үйіне тас атқан. Соның салдарынан учаскелік полиция мен үш тұрғын жарақат алды. Оларға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.
"Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы заңбұзушылықтың жолын кесті. Бір топ адам қарсылық танытып, тәртіпке бағынбаса да, полиция қызметкері алған жарақатына қарамастан басбұзарлардың қару қолдануына және қол жұмсауына жол берген жоқ", - деп хабарлады полиция.
Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар төрт адам анықталып, ұсталды. Екі тараптан екі адам сот шешімімен қамауға алынды. Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, деп толықтырды құқық қорғау органы.
Полицияның ақпаратына сәйкес, жанжал болған күннің ертеңіне арандатушылар жақын маңдағы ауыл тұрғындарын шақырып, бұзақылық жасауға үндеген. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Ауыл тұрғындары мен жергілікті әкімшілік өкілдері және облыстың қоғам белсенділері кездесті.
Қазір ауылдағы жағдай қалыпқа түсті. Елді мекендегі тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілді.