НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Сәтбаевты бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, 23 шілде күні кешкі сағат тоғызда Сәтбаев қаласында ішкі істер басқармасына бес жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түскен.
Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы үйлердің бірінен табылған.
"Жас қызды зорлады деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты", -деді Тұрғымбаев брифингте.
Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынған.
"Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жалғасуда", - деді ол.
Оқи отырыңыз: Сәтбаевта жоғалған қыз табылған үйге бір топ адам шабуыл жасады – видео
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің екі бабы – бүлдіршінді ұрлау және зорлау бойынша айып тағылып отыр.
Министр қазіргі таңда Сәтбаевта жағдай тұрақталып, бақылауға алынғанын айтты.
Сәтпаевтағы толқу
Жұмаға қараған түні Сәтпаев қаласында тәртіпсіздіктер басталды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.
Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған.
Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.
Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.
Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды.
Қала билігі бала анасының қасында екенін мәлімдеді және тұрғындарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.
Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.