НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде — Sputnik. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев елдегі коронавирус жағдайына байланысты жазба жариялады.
"Қазіргі уақытта мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қауіп деңгейі жете есептелмегені түсінікті болып отыр. Әрине, бұдан тиісті қорытынды шығарылады", - деді Абаев.
Ол әкім және министрлер деңгейіндегі отставканы меңзеп отырмағанын айтты.
"Мемлекеттік басқаруды жүйелі түрде қайта қарау туралы айтып отырмын. Президент қазірдің өзінде бұл мәселені мұқият зерттеп жатыр. Мемлекеттік аппарат өзінің құзырына жатпайтын жұмысты азаматты қоғамға беруі тиіс. Мемлекеттік қызмет бәсекеге қабілетті білімі мен тәжірибесі бар азаматтар үшін тартымды болуы қажет", - деді президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Абаев төтенше жағдай кезінде сатып алудың қағазбастылығына байланысты дәрі-дәрмек алуға көп уақыт жұмсаған әкімдіктерді мысалға келтірді.
Ал егер әкімдер бұл процедураларды сақтамай, бірден дәрі-дәрмек алса да жағдай қиын болар еді, дейді ол. Өйткені тексеруші органдар әкімдердің тұрғындарды құтқарамын деген ұмтылысына сенбей, жемқорлық фактісін тексере бастайтын еді.
"Президент идеологиялық аппаратқа батылдық пен креативтілік жетпейтінін айтты. Қазіргі жағдай тек Денсаулық сақтау министрлігінің ғана проблемасы емес. Барлық басқару тетіктерінің осалдығы байқалды", - деп жазды Абаев.
Еске сала кетсек, 18 шілде күні мемлекет басшысы үкімет пен әкімдердің жұмысын сынға алған болатын. Президент министрлер мен әкімдер берген мағлұмат шындыққа сай келмейтінін, қажетті дәрі-дәрмек тұрғын үшін әлі де қолжетімді емес екенін айтты.