АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Алматыда пневмониямен ауыратын науқастар саны екі есеге азайды. Бұл жайында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жыл басынан бері пневмониямен ауырған 6 175 науқас емделіп шықты. Карантин шаралары жеңілдетіліп, блок бекеттер алынған маусым айынан бастап науқастар саны артты. Қазір жағдай тұрақтанды. Ауру таралу шыңына жеткен кезде тәулігіне 300 адамға дейін ауруханаға жатқызылған болса, қазір бұл көрсеткіш екі есе төмендеді. Тәулігіне емдеуге жатқызылып жатқан науқастар саны 133 адамнан аспайды", - деді Надыров.
Айтуынша, амбулаториялық емдеу бойынша да жағдай тұрақтанды.
"Шілдеде өкпесі қабынған науқастар саны 2 есеге төмендеді, яғни, 1000-нан 480-ге дейін азайды", - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар басқарма басшысы пневмониямен ауырған тұрғындардың 60%-і әйелдер екенін хабарлады және пандемия кезінде жүкті әйелдерге айрықша көңіл бөлініп жатқанын айтып өтті.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі халыққа үндеу жолдады
"Пандемия кезінде барлық әйелдің қауіпсіз босануы, босануға дейінгі және босанғаннан кейінгі күтім қолжетімді болуы маңызды болып отыр. Қаладағы барлық перзентханада коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдерді қабылдайтын бөлім бар", - деді Надыров.
Айтуынша, қаладағы №4 перзентханаға тағы 105 төсек-орын қосылады.