АЛМАТЫ, 21 шілде – Sputnik. Алматының зиялы қауым өкілдері қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үндеу жолдағандар арасында қазақ жазушысы және кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бар.
Актер Асанәлі Әшімов халықты бірлесуге, сондай-ақ, жастарды карантин шараларын сақтауға шақырды.
"Бұрын соңды болмаған осындай нәубет кезінде бірігейік. Бірлесіп жұмыс істейік, бір-бірімізді тыңдайық. Қарт буынның тәртібіне сенемін. Мен мынау жастарға көңіл аударып отырмын. Қалай болса солай бетпердесіз жүріп, той жасауды доғару керек. Тойлайтын уақыт алда", - деді Асанәлі Әшімов.
Ақын Ұлықбек Есдәулет те қала тұрғындарынан эпидемиологиялық талаптарды сақтап, өз денсаулығына бей-жай қарамауға шақырды.
"Әлемді тітіренткен коронавирус індеті біздің халқымызға да қырғидай тиді. Күнде еститінің қаралы хабар, азалы сөздер. Халқымыздың небір абзал азаматтары, қайраткер тұлғалары, дарынды, талантты адамдары беймезгіл дүниеден өтіп жатыр. Қаралы шаңырақтар, азалы отбасылар күннен күнге көбейіп бара жатыр. Сондықтан біз сақтық шараларын қайтадан күшейтуіміз кере. Шыбынша қырыла беруге болмайды", - деді Есдәулет.
Медицинаны мемлекет қолына алып, бәрін тәртіпке келтіріп жатқан кезде дәрі-дәрмекті, гуманитарлық көмектерді, жедел жәрдемді, ауруханаларды жөндеп жатқан кезде біз де өзіміз сақтық шараларын сақтап, медициналық нормаларды сақтап, індетті жеңуге бір кісідей ат салысайық, деп толықтырды ақын.
Сонымен қатар ол көп адамдардың жиналуымен той, салтанатты шаралар мен басқа жиындардың әлі де өткізілетінін айтты.
"Баяғыда шақырған жерден қалма деуші еді, қазіргі кезде шақырған жерге барма дей тұғын мәтел пайда болды. Сонда да қоймастан, тығылып той жасау әдеті әлі де тыйылмай тұр. Соның бәрін пышақ кесті тоқтату керек. Әйтпесе біз осындай тәртіпсіздігімізбен коронавирус сияқты дұшпанға көмектескен болып шығамыз", - деді Есдәулет.
Ал жазушы Смағұл Елубай өзінің 17 күн бойы ауруханада жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, той, жаназа мен жастардың бас қосуы тоқтамай тұрғанын алға тартты.
"Қазір Алматы қаласындағы атыжаман індетке байланысты жағдай өте күрделі болып отыр. Сол күрделі жағдайды 17 күн ауруханада, мобильді орталық деген ауруханада жатып, өз көзіммен көріп, бастан кешкен адам ретінде пікір айтқым келіп отыр. Сол аурухана кереуетінде жатып, біз 17 күн бойы бір нәрсе ғана тіледік. Ол - осы біздің басымыздан кешіп жатқан ахуалды адам басына бермегей деп тіледік", - деді қаламгер.
Алматы қаласында бұл індетті жұқтыру деңгейі қазір өте жоғары. Ондай трагедияның шет жағасын көзбен көріп отырмыз. Осындай жағдайда маска тағып жүру, адам көп жиналған жерге бармау, бара қалса арақашықтықты сақтау, яғни, карантин тәртібін сақтау бәрімізге міндет, деп толықтырды Елубай.