НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Қазақстан мен Ресей Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар зауытын салу және пайдалану бойынша "Еврохим" жобасын жүзеге асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды, деп хабарлады Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі.
Құжатқа Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров пен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев қол қойды.
Жоба Қазақстанның оңтүстігінде Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруді және минералды тыңайтқыштар өндіретін жаңа зауыт салуды көздейді.
"Бүгінгі күнге дейін инвестиция көлемі 270 миллион долларды құрады, тағы 600 миллионға жуық инвестиция салынады", - делінген хабарламада.
Министрлік "Еврохим" кен орнын барлау және игеруді бастау, жылына 640 000 тонна фосфорит өндіретін тау-кен кешенін құру және іске қосу бойынша жобаның бірінші кезеңін іске асырып үлгергенін хабарлады.
Мантуров келісім инвестициялық жобаны іске асырудың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті: ол өндірісті кеңейтіп, жылына кем дегенде 1 миллион тонна тыңайтқыш пен өнеркәсіптік өнімдер өндіретін жаңа зауыт құрылысын бастауға мүмкіндік береді.
Зауыт құрылысын 2025 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Ресей министрі Қазақстандағы жаңа кәсіпорынға хлорлы калий Ресейден жеткізілетінін айтты.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылады
"Жобада 50 миллион долларға жуық қаржыға ресейлік энергетикалық және тау-кен жабдықтарын пайдалану жоспарланып отыр. Соңғы өнім Қазақстанның ішкі нарығына, сонымен қатар экспортқа – Қытайға, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияға, Таяу Шығыс елдеріне жеткізіледі", - деп толықтырды Мантуров.
Маусымда Ресей үкіметі Қазақстанда "Еврохим" жобасын жүзеге асыру туралы үкіметаралық келісім жобасын мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, зауыттың құрылысы салынатын 2019-2024 жылдары жоспарланған инвестициялардың жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асады. Жоба өңірде кем дегенде 1,2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.