АЛМАТЫ, 21 шілде – Sputnik. Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Ержан Сералин балада коронавирус инфекциясының белгілері байқалған кезде не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Барлық ата-ана баланың тез жазылып шыққанын қалайды. Бұл да кез келген вирустық инфекция секілді өтеді. Ең бастысы ағзасына зиян келтіріп алмау керек. Балалар коронавирус инфекциясын жеңіл өткізетінін барлығы біледі. Ал балада дене қызуы болса, температураны түсіретін парацетамол беру қажет. Ешқайда шықпай, үйде оқшаулауда болып, жылы суды көп ішуі қажет",– деді маман.
Егер температурасы түспейтін болса, медициналық көмекке жүгіну қажет. Ол жерде кеуде тұсы рентгенге түсіріліп, пневмонияның бар-жоғы анықталады.
"Егер балада пневмония анықталса, баланы ауруханаға алып келу керек. Ауруханада әрі қарай қажетті ем жасалды. Балаларға вирусқа қарсы препараттар қолдануға болмайды. Клиникалық хаттамада да Covid-19 кезінде вирусқа қарсы дәрілер көрсетілмеген. Баланың дене қызуын түсіріп, сұйықтықты көп ішуі қажет. Одан басқа өзін-өзі емдеу ұсынылмайды",– деп түсіндірді дәрігер.
Егер үш күн бойы баланың температурасы түспейтін болса, дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
Айтуынша, Алматыдағы балалар ауруханасында коронавирус инфекциясы тарай бастаған уақыттан бері 239 бала ем алған, қазір тоғыз бала ем алып жатыр. Барлық баланың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылған. Балалар арасында қайтыс болғандар жоқ.
Оқи отырыңыз: Балалар коронавирустың жеңіл түріне шалдығатыны рас па – дәрігер жауап берді
Сондай-ақ, дәрігер дүниеге келгеніне он күн болған сәбидің коронавирустан жазылып шыққанын айтты.
"Сәби коронавирус инфекциясымен дүниеге келді. Ол перзентханадан бірден инфекциялық ауруханаға жеткізілді. Кеше анасы мен сәбиі ауруханадан шығарылды",– деді Сералин.