Қоғам

Мүфтият жаназа мен жерлеу талаптарын жариялады

© REUTERS / Stas FilippovМечеть Хазрет-Султан
Мечеть Хазрет-Султан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мүфтият халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы сияқты құдайы астарды эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін тоқтата тұруға үндейді

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жаназаны үш қатар болып оқу қажет

"Елімізде вирустық індеттің өршіп тұрғаны өздеріңізге мәлім. Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес. "Сақтансаң – сақтаймын" демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың да өміріне өз әсерін тигізері хақ", – деді мүфтият қызметкерлері.

Осы орайда еліміздің діни басқармасы жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты талаптарды орындауға шақырады. Олар: 

  • Мәйітті жуу мен кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;
  • Жаназа намазы мен жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағуға, қол алысып амандаспаған лазым;
  • Жаназа намазын 5 минут ішінде өткізіп, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару;
  • Зейнет жасындағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспағаны дұрыс;
  • Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмаған жөн.

"Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес (Фәтәуа Һиндия, 1/223). Жаназаны үш қатар болып оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі", – деген (имам Тирмизи). Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни, ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады (Фәтәуа Татархания, 1/611)", – делінген діни басқарма хабарламасында.

Сондай-ақ, мүфтият жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеуге үндеді. Себебі, адам жүретін жолда жаназа намазын оқу – мәкруһ. Жаназа намазын арнайы орында оқыған дұрыс (Фәтәуа Һиндия, 1/226).

Қабір басына қандай белгі қойған жөн

Дін қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі жағдайда қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелуге болады.

"Шариғатта қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі (Хашияту ибн Абидин, 2/236). Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазғунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған (имам Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруге, үстіне отыруға және құрылыс салуға тыйым салған (имам Муслим)",– делінген ресми хабарламада.

Оқи отырыңыз: Жаназа мен құдай тамақтағы ысырапшылдыққа қарсы шара қолданылмақ

Мүфтият халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы сияқты құдайы астарды эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін тоқтата тұруға үндеді.

Жаңалықтар
0