НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. "СК-Фармация" ЖШС-нің басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев бұрынғы басшылықтың қателіктері үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.
"Ел тірегінің" YouTube-каналындағы тікелей эфирде Ерхат Есқалиев компания басшылығына тағайындалуы туралы айтты.
"Мен мұны күткен жоқпын. Бір жағынан бұған өмір бойы дайындалған секілдімін. Қысқа мерзімде бірқатар кешенді шаралар әзірледік. Мен дәрі-дәрмек проблемасы үшін барлығынан кешірім сұрағым келеді. Бәлкім, СК-Фармацияның бұрынғы басшылығы бір нәрсені ұмыт қалдырған шығар",- деді мемлекеттік компанияның жаңа басшысы.
Есқалиев компанияға келген күннен бастап логистика жолға қойылғанын, дәрімен қамту үшін тәулік бойғы терминалдар іске қосылғанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда дәрі-дәрмек сату саласында 400-ге жуық заңбұзушылық анықталды
Сондай-ақ, ол "СК-Фармация" дәрі-дәрмекпен дәріханаларды емес, медициналық мекемелерді қамтамасыз ететініне назар аударды.
"Біз үкіметпен бірлесіп шешім қабылдадық. Қалған дәрілерді медициналық мекемелерге үлестірдік, жаңа партияларды хабтарға жөнелтіп жатырмыз. Қазір барлық ірі хаб дәріге толы. Біздің хабтар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте орналасқан. Бір айдан кейін оларда үш айға жететін дәрі-дәрмек болады",- деп нақтылады Есқалиев.
10 шілдеде "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Шәріп Берік өз арызы негізінде қызметінен босатылды. Оның орнына Ерхат Есқалиев келді.