НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. 17 шілдеден қазақстандықтар шілде айына төленетін әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз ертеңнен бастап шілде айына 42 500 теңгені төлеу жөнінде өтініш қабылдай бастаймыз. Оның тиісті ережесі әзірленіп, бүгін әділет министрлігінде қарастырылып жатыр. Бүгін кешке дейін тіркеледі деген үміттеміз", - деді Нұрымбетов онлайн брифингте.
Министр барлық портал әзір екенін, түні бойы тестілеуден өтетінін атап өтті.
17 шілдеден 42500enbek.kz сайты, электронды үкімет порталы, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін телеграмм-боттар іске қосылады.
"Өткен жолы айтқан Kaspi және Халық банктердің порталдары әзірге дайын емес. Олар әзірлігіне қарай осы жұмысқа қосылады", - деді ол.