Қоғам

Ғалым пневмонияның "қазақстандық" түріне қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Владислав ВодневСтанция скорой помощи в Нур-Султане
Станция скорой помощи в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ғалым коронавирус пневмониясын тыныс алу органдарын зақымдайтын өткір қабыну ауруы екенін айтып отыр

АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Пневмонияның "қазақстандық" түріт уралы қауесет тым асыра сілтенген, деп мәлімдеді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі, фтизиатр-дәрігер және жұқпалы ауруларды емдеу жөніндегі оқулықтың авторы Талғат Мүмінов.

"Меніңше, пневмонияның "қазақстандық " түрі туралы қауесет тым асыра сілтенген. Мұндай тұжырымдар ауру себебін дұрыс түсіндірмеуден, сапалы диагностиканың жеткіліксіз болуынан және жалпы шиеленіскен және дүрбелең жағдайдан пайда болуы мүмкін", - деді ол "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында.

Ғалымның пікірінше, коронавирус пневмониясы – тыныс алу органдарын зақымдайтын өткір қабыну ауруы, аурудың өз ерекшеліктері бар.

"Аурудың даму механизмі қабынудан ғана емес, өкпе тінінің тыныс алу беті құрылымының ыдырауынан тұрады. Сол себепті коронавирус пневмониясына тән басты белгінің бірі – ентігу", - деді ол.

Сырқаттың ауыр кезеңінде капилляр тамыр бұзылады, ал ол жерде газ алмасу процесі жүріп, оттегі өкпе арқылы қанға өтеді. Зақымдалған капиллярлар мен мембраналардың орнына микротромбтар тосқауылы пайда болады. Ал оның соңы сұйықтықтың жиналуы және өкпенің ісінуімен аяқталуы мүмкін, деп атап өтті ғалым.

Айтуынша, аурудың мұндай ерекшелігі ғылым үшін жаңа құбылыс болып отыр. Алғаш рет дәрігерлер мен ғалымдар бұл аурумен 2003 жылы SARS індеті кезінде бетпе-бет келді. Ол ауыр респираторлық синдром ретінде анықталды, бірақ соңына дейін зерттелмеді.

"Ауру дамуының толық бейнесі пайда болмай, оны пневмония деп атау қиын. "Пневмотитке" әлдеқайда ұқсас. Альвеолалардағы тамыр қабырғалардың қабынуы деп атаса да болады. Әдетте бұл термин тіндердің ыдырауына және кейіннен тыртықтануға әкелетін атипті пневмония кезінде қолданылады", - деді Мүмінов.

Ғалымның айтуынша, ремдесивирді санамағанда, әлі күнге дейін коронавирусқа қатысты тиімділігі дәлелденген бірде-бір препарат жоқ. Бұл дәрі бастапқыда Эбола безгегімен күресу үшін әзірленді, кейінірек SARS және MER коронавирус инфекциясымен күресте де жақсы әсер етті. Ресейліктер соның негізінде дәрі жасады. Алайда мәселенің шешілгені жайлы айту әлі ерте, деді маман.

Практикалық тәжірибе ауыр науқастарды емдеуге төмен дозалы гормондарды, соның ішінде дексаметазон және антикоагулянттарды қосуға мүмкіндік берді. Мысалы қан сұйылтатын және қанның ұюы мен капиллярлардың ыдырауын болдырмайтын кардиомагнил, клексан, фраксипарин дәрілері қосылды. Алайда бұл дәрілерді тағайындау үшін науқастың жағдайына сауатты диагностика жүргізілу қажет. қалай әсер ететінін түсіну керек, деді Мүмінов.

Тағы оқыңыз: Өкпе зақымданған кезде қымыз бен шұбат ішуге бола ма - дәрігер жауабы

Азитромицин мен сумамед секілді емдеу хаттасына енген кең спектрлі антибиотиктер инфекция көзіне әсер етпейді. Олар тек иммунитеттің әлсіреуі кезінде ескі аурулардың асқынып кетуіне жол бермейді. Дәл сол сияқты вирусқа қарсы препараттар да пайдасыз, сондықтан оны қаптамамен сатып алудың қажеті жоқ. Оның ағзаға артық жүктеме екені тексерілген, дәлелденген, деп атап өтті академик.

"Дәрігерлер жағдайы ең ауыр деген науқастарды да құтқаруды үйренгенін қайталап айтқым келеді. Өкінішке қарай, барлығын емес. Науқастың егде жаста болуы, қосалқы аурулар, әлсіреген иммунитет секілді факторлары да бар. Мұндай жағдайда ағза вирустың шабуылына төтеп бере алмайды", - деп атап өтті ғалым.

Инфекцияның даму жылдамдығы бірінші кезекте иммунитетке байланысты. Иммунитет әлсіз болса, ауру қиын өтеді.

"Дене шынықтырумен айналысып, зиянды әдеттерден бас тарту туралы кеңестер бос сөз емес", -деді Мүмінов.

Жаңалықтар
0