НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Әділет министрі Марат Бекетаев қазіргі жағдайда карантинді бұзғандар қалай жазалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Адамдар қазіргі карантин мен көктемдегі карантин режимінің айырмашылығын жиі сұрайды. Әрине, құқықтық айырмашылық бар. Себебі көктемде қатаң тәртіп болды. Үйден тек аса қажеттілік кезінде ғана шығуға рұқсат берілді. Қазір ол талаптар жеңілдетілді", - деді Бекетаев бүгінгі онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, көктемде әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы ("төтенше жағдай режимін бұзу") бойынша жауапқа тартқан болатын. Қазіргі кезде, көбінесе, 425-бап ("халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саладағы заңнама талапбын бұзу") бойынша жазаға тартады. Оған сәйкес, адамға ескерту жасалады, я болмаса, 10 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2 778 теңге) көлемінде айыппұл салады немесе 15 тәулікке қамауға алады.
"Сондай-ақ, 462-бап бар. Кей кезде екеуін шатастырып жатады. Иә, екі бапта айтылған мәселелер ұқсайды. Бірақ осы бапта санитарлық ұйғарымды жазып беру міндеті көрсетілген. Бұл дегеніміз, тексеру кезінде санитарлық дәрігер тәртіп бұзушылықты анықтап, ұйғарым жазып беруі тиіс. Белгілі бір уақыттың ішінде ол ұйғарым орындалмаса, әкімшілік жаза қолданылады. Осылайша, қазіргі кезде екі бап бойынша жаза қарастырылған", - деп атап көрсетті Бекетаев.
Айта кетейік, 462-бап бойынша жеке тұлғаларға – 3-7 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10-200 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20-300 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50-400 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған.