АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Алматы полициясы әнші Кенталдың әлеуметтік желіде жариялаған видеосын адамдардың қайғы-қасіретін мазақ ету деп атады. Бұл жайында Polisia.kz порталы хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде полиция формасын киген ер адамның видеосы анықталған. Видеоның авторы "Кентал" атымен белгілі әнші Талғат Кенжеболатов. Ол видеода орыс тілінде "күйзеліске ұшыраған және қиындыққа тап болғандарға" үндеу жолдайды.
"Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске душар болса, жүрегі ауырса, жұмыста, отбасында қиындықтар туындаса... Біреуді несие қинауы мүмкін. Уайымдамаңыз. Бәрібір бәріміз өлеміз", - дейді ол. Видео көңілді әуенмен аяқталады.
Полицияның айтуынша, бұл видео жұртшылық наразылығы мен теріс реакция тудырды.
"Көптеген азамат видео авторын полиция қызметкері деп ойлап қалды, сол себепті оның сөздерін сыни қабылдады. Талғат Кенжеболатовтың іс-әрекеті Қазақстан полициясының имиджіне елеулі зиян келтірді және оның беделін түсірді, ал тәртіп сақшылары күндіз-түні дәрігерлермен бірге алдыңғы қатарда тұрып, қызметін адал атқарып жатыр, - деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Сондай-ақ, Алмасбеков видеоның қандай жағдайда түсірілгені маңызды емес екенін айтып, видеоның қазір жарияланып отырғанына баса назар аударды.
"Өкінішке қарай, бұл қайғы бізді де айналып өтпеді. Барлығы үшін осынау қиын уақытта Талғат Кенжеболатов азаматтардың наразылығын тудыратын видео жариялады. Видеоның қашан және қандай жағдайда түсірілгені маңызды емес. Автордың ол видеоны коронавируспен бетпе-бет келген мыңдаған отандасымыздың қайғы-қасіретін мазақ етіп дәл қазір жариялап отырғаны маңызды", - деді ол.
Сонымен қатар полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары өнер және шығармашылық адамдарына үндеу жасады. Халықтың өнер адамдары айтқан әр сөзге сенетінін және дәл қазір хайп пен лайк жасайтын уақыт емес екенін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Мұқтаж отбасының пәтер жалдау ақысын төлеп берген ақтөбелік полицей марапатталды
"Барлығымыз карантин режимін сақтап, маска тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды насихаттайық. Бұл сіздердің көрсеткен нақты көмектеріңіз болады", - деді Алмасбеков шығармашылық өкілдеріне.
Айта кетейік, 14 шілдеде әнші Кентал Instagram парақшасында мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, видео осыдан төрт жыл бұрын түсірілген.