НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына атипиялық пневмонияны коронавирус жұқтырғандар статистикасына қосуға қатысты сұрау жолдады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз қазір халықаралық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда ДДҰ-ның ұсынымы бойынша статистикаға ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен жағдайлар ғана кіреді", – деді Бюрабекова онлайн брифингте.
Ол Қазақстан пневмонияны коронавирус статистикасымен біріктіруге қатысты ДДҰ-ға сұрау жібергенін айтты.
"Жуырда сұрау жолдадық, ДДҰ-ның жауабын күтіп отырмыз. Келіссөздер арқылы есепке алынуы тиіс деректерге қатысты шешімге келеміз. Әр елдің статистика мен есепке алуға қатысты өз жолы бар. Біз соны біріздендіріп, барлық елмен қатар жүргіміз келеді", – деді вице-министр.
Оқи отырыңыз: Дәрігер денсаулық министрлігінің тағы бір қателігін айтты
Бұған дейін Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев бейнеүндеу жолдап, қазіргі коронавирус статистикасына атипиялық пневмонияны да кіргізу қажеттігін айтқан еді.