ПАВЛОДАР, 15 шілде – Sputnik. Павлодарда бір апта ішінде үш павлодарлық дәрігер пневмониядан қайтыс болды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Терапевт Дина Литвинова, акушер-гинеколог Галина Жучкова және стоматолог-хирург Руслан Тұргынбаев көз жұмды.
Олардың бәрі коронавирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен, кейін пневмонияға шалдыққаны анықталды. Үшеуі де облыста белгілі мамандар.
Дина Литвинованың еңбек өтілі - 37 жыл. Жоғары санаттағы дәрігер. Денсаулық министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған.
Галина Жучкова медицина саласында 40 жыл қызмет етті. Соңғы 17 жылда Павлодардағы №1 емханада жұмыс істеді.
Руслан Тұргынбаевтың медицина саласындағы еңбек өтілі - 21 жыл. Бірнеше жоғары білікті ота жасаған, мыңдаған балаға көмектескен. Артында үш баласы қалды.