НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Ата-аналардың өтінішімен бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныптарда оқи алады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша тиісті мүмкіншілікке қарай қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.
Айтуынша, балалар тек бір кабинетте оқиды, үзіліс әртүрлі уақытта болады. Кіреберісте оқушылардың дене қызуы өлшенеді. Ауаны тазарту, кварцтау және ылғалды тазалау жұмыстары күшейтіледі.
Оқи отырыңыз: Оқушылар бірінші тоқсанда қалай оқиды – үкімет шешім қабылдады
"Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін оқытуды ауысымға және 10-15 бала санынан аспайтын топтарға бөлу, мектепте оқу күндерін алмастыра оқыту қарастырылып отыр. Десе де, бұл балалар үшін пәндердің бір бөлігі қашықтан оқытылады", - деді министр.
Оқушылар 1 қыркүйектен бастап қалай оқиды
Үкіметтің шешімімен шалғай ауылдарда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда, 1 қыркүйектен 1-11 сынып оқушылары оқу жылының алғашқы тоқсанында қашықтан оқиды.
"Шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептерде штатты форматта оқыту мүмкіндігі ұсынылады. Бұл дегеніміз жалпы оқушылардың 4 пайызын ғана құрайды. Осы критерийлерге сәйкес келетін барлығы 127 мың бала контингентімен 1934 мектеп анықталды", - деді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, бірінші тоқсан аяқталғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты мектептер кезең-кезеңмен аралас оқытуға және штаттық форматқа ауысуы мүмкін.