НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп формасына қатысты бұйрыққа қандай өзгеріс енгізілгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Білім және ғылым министрінің бұйрығына мектеп формасы бойынша шұғыл өзгеріс енгіздік. Қосымша пункт қостық. Оған сәйкес, төтенше жағдай немесе басқа да шектеу шаралары кезінде білім беру мекемелерінде бекітілген мектеп формасын кимей, таза классикалық киіммен келуге болады. Бірақ мектеп формасы қала береді, оны ешкім алып тастап отырған жоқ", - деді Аймағамбетов бүгінгі онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда оқушыларға кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі
Министрдің айтуынша, карантин аяқталғаннан кейін ешкім оқушыларды мектеп формасын киіп келуге міндеттемейді.
"Мысалы, биыл бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі форматқа көшетін болсақ, ата-аналарды мектеп формасын сатып алуға ешкім міндеттемейді", - деп түсіндірді Аймағамбетов.