НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының полицейлері жоғалған қызды тауып, отбасына қайтарды.
Ордабасы АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, Түркістан қаласындағы нағашы апасының үйіне қыдырып кеткен 2001 жылғы қызы туысының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізген, деп хабарлады Polisia.kz.
Анасының айтуынша, қыз кешкі сағат 19:30 шамасында үйден шыққан. Содан бері із-түссіз, хабарсыз кеткен. Полицейлер көрген-білгендерден сұрастырып, жақын маңдарды аралап, қыздың баруы мүмкін деген жерлері мен таныстарына сұрау салды.
Тәртіп сақшылары бір тәуліктен соң, қыздың өз ауылында сыныптасының үйінде екендігін анықтады.
Тергеу барысында 19 жастағы қыз отбасылық кикілжіңдерден шаршап, ата-анасына ренжіп, бірінші күні Шымкент қаласындағы танысының үйіне барып, қонғаны белгілі болды. Одан кейін, келесі күні өзінің ауылына келіп, ата-анасына ескертпестен сыныптас құрбысының үйінде болған.
Оқи отырыңыз: Жиырма жыл бұрын жоғалған қыз ата-анасымен қауышты – видео
Осылайша полицейлер ақпарат көздері арқылы қыздың тұрған мекенжайын анықтап тауып, анасына табыстады.
Полицейлер бұл қыздың бұрын да осылай үйінен кетіп, кейіннен табылғаны анықтады.