АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартты. Енді құжаттар 20 шілдеге дейін емес, 25 шілдеге дейін қабылданады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Бұл карантин кезінде талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін жасалып отыр.
Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер Egov.kz "электронды үкімет" порталы арқылы келесі құжаттарды тапсыруы қажет:
- өтініш;
- білім туралы құжат;
- жеке куәлік көшірмесі.
Карантин кезінде медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді.
Сонымен қатар, ҰБТ сертификаты жүйеде автоматты түрде пайда болады, сондықтан оны Egov.kz-ке жүктеудің қажеті жоқ.
"Гранттарды тағайындау форматы өзгерген жоқ, яғни маусымда өткен ҰБТ қорытындысы бойынша үміткерлер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысады", – делінген ақпаратта.
Жоғары оқу орындары талапкерлерді тамыздың 10-25 аралығында оқуға қабылдайтын болады.
Жоғары оқу орындарында білім қашықтан беріледі. Дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін өткізіледі.
Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылында студенттер қалай оқиды – білім министрі түсіндірді
Айта кетейік, 14 маусымда Қазақстан үкіметі жаңа оқу жылында мектеп оқушылары, колледж бен оқу орындары студенттерінің қашықтан білім алатынын хабарлады.