АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов медицина қызметкерлерінің флешмобына қатысты пікір білдірді. Әлеуметтік желі қолданушылары қырық градус ыстықта медицина қызметкерлерінің көшеде тұрғанына наразылық білдірген болатын.
"Шымкентте облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері қажетсіз бастама көтеріп, аурухана ұжымын (дәрігер, медбикелер) көшеге шығарды. Мұндай қиын уақытта дәрігерлердің тікелей міндетіне кедергі келтіру қылмысқа тән озбырлық деп санаймын. Мән-жайы анықталған соң ол жауапкершілікке тартылады", - деді Қалқаманов.
Аурухана Түркістан облысына қарайды.
Сонымен қатар Қалқаманов облыста COVID-19-дан қайтыс болғандарды еске алуға байланысты тек үш жерде аза тұту рәсімі өткенін айтты. Бір минут үнсіздік болған орындарда барлық санитарлық норма сақталған.
"Түркістандағы басты тудың жанында полицейлер, қалалық емхана маңында әкімшілік қызметкерлері, облыс әкімдігінде облыс әкімі мен әкім аппараты пандемия салдарынан мезгілсіз дүниеден өткендерді еске алды", - деп атап өтті ол.
Айта кетсек, мұндай шара Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларында да өтті.