НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Кеуде тұсының ауыруы және тыныс алудың қиындауы көп жағдайда науқастың пневмонияға шалдыққанын білдірмеуі мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы Сәуле Қасенова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жауырын мен кеуде тұсының ауырсынуы, тыныс алудың қиындауы – коронавирустың өкпені зақымдауының клиникалық белгілері. Бұл сіздің міндетті түрде пневмонияға немесе пневмонитке шалдығуды білдірмейді. Бұл вирус жоғары тыныс алу жолдарына емес, төменгі тыныс жолдарына – бронхы мен өкпеге түсті деген сөз. Ауру белгілерінің байқалуы төменгі тыныс алу жолдарының зақымдалғанын көрсетеді", - деді Қасенова.
Профессор, сонымен қатар, вирустық және бактериалды пневмонияның айырмашылығына тоқталды.
Айтуынша, бактериалды пневмония кезінде жөтелмен қоса сары, іріңді қақырық шығады, кеуде тұсы ауырады.
Ал вирустық пневмонияда жөтел өте сирек кездеседі немесе құрғақ жөтел пайда болады. Ал қақырық мүлде бөлінбейді десе де болады.
"Коронавирус пандемиясы жағдайында біз байқап отырған бактериалды пневмония емес, өкпенің вирустық зақымдануы. Біз күн сайын осы мәселені пульмонологтармен, инфекционистермен талқылап жатырмыз. Бәлкім, терминді ауыстыруға тура келетін шығар", - деді ол.