АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус салдарынан туыстары мен жақындарынан айырылғандарға көңіл айтты.
"COVID-19 пандемиясы жүздеген қазақстандықтың өмірін қиды. Олардың ішінде біздің туыстарымыз, достарымыз және әріптестеріміз бар. Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан жақындарынан айырылғандарға қайғырып көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпыз", - деп жазды Цой Instagram парақшасында.
Сондай-ақ, министр өмірден өткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күтпеген қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, соңғы демі қалғанша күрескенін айтып өтті.
Оқи отырыңыз: Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен адал атқарды. Біз үшін олар мәңгі нағыз батыр болып қалады, деп толықтырды Цой.
"Бүгін мен жұбатуға сөз таппай отырмын, алайда жұбату сөздерінің сіздер үшін қаншалықты маңызды және қажет екенін түсінемін. Сондай-ақ, құр сөздің жеткіліксіз екенін де түсініп отырмын. Пандемиямен күресте серпінді әрі тиімді шаралар қажет. Біз вирустың бетін қайтарып, науқастардың сауығып кетуі үшін, әрбір пациенттің өмірі үшін барлық күш-жігерімізді саламыз, қолдан келетін барлық шараны қабылдауды жалғастырамыз", - деп жазды денсаулық сақтау министрі.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үкіметі медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Қосымша төсек-орын ашылып, шетелдік сарапшылармен бірлесіп коронавирусты емдеу әдістері жан-жақты зерделеніп, жетілдіріліп жатыр.
"Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін әріптестеріміз тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Бұл індеттің алдын алуда қазақстандықтар әр адамның үлесі өте маңызды екенін түсініп, белсенді атсалысып жатыр. Біз отандастарымызға және шетелдік достарымызға көмек және қолдау көрсеткендері үшін ризашылығымызды білдіреміз", - деді Алексей Цой.
Бірі медицина қызметкерлерін тамақпен қамтамасыз етсе, енді бірі емдеуге қажетті аппараттарды сатып алу үшін қаржы жинап жатыр. Енді бірі үйінде отырып, тексерілген ақпарат пен мамандардың ұсыныстарына құлақ асуда, деп толықтырды министр.
Сондай-ақ, министр пандемияға қарсы күрес ел тарихындағы ең қиын кезеңдегідей қазақстандықтарды біріктіргенін айтып, бұл қиындықты да бірлесіп жеңетінімізге сенім білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанда 13 шілдеде коронавирустан қайтыс болғандарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны 375 адамға жетті.