НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. 13 шілде – Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарды ұлттық аза тұту күні. Елде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды, телерадио хабарларын тарату желісі өзгертілді.
Елімізде COVID-19 індетінен алғашқы адам – Ақмола облысы Қосшы ауылының тұрғыны, 64 жастағы әйел 26 наурызда көз жұмды. Ведомствоаралық комиссияның 12 шілдедегі мәліметінше, пандемия басталғалы елімізде коранвирустан 375 адам қайтыс болған.
COVID-19 індетінен көз жұмған қазақстандықтарды еске алу үшін 13 шілде күні сағат 12:00-де бір минуттық үнсіздік жарияланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы жасаған үндеуінде қара жамылған отбасыларға көңіл айтты.
"Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын", - деді Тоқаев.
Кейінірек мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды.
Тоқаев президент болғалы екінші рет ұлттық аза тұту күнін жариялап отыр. Бұған дейін мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алуға шақырған болатын.
Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда тоғыз рет ұлттық аза тұту күні жарияланды.