НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Карантиннің ұзартылуына байланысты шілде айында қазақстандықтарға 42 500 теңге жәрдемақы төленеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
"Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42 500 теңге төлейді", - деп жазды Тоқаев Twitter-де.
Айта кетейік, мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин режимін тағы екі аптаға ұзартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы үкіметтік комиссия егжей-тегжейлі 14 шілде, сейсенбі күні жариялайды деп жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа карантин жарияланды: 42 500 теңге төлене ме?
Бұған дейін үкімет төтенше жағдай аяқталғандықтан, жаңа шектеулер кезеңінде 42 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеуге негіз жоқ деп мәлімдеген болатын. Карантиннің екінші кезеңі бастапқыда екі аптаға – 5-19 шілде аралығында енгізілген болатын.