АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Қазақстанның фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова коронавирус инфекциясын емдеуде пайдаланылатын азитромицин препаратын дәрігер бақылауынсыз қолданбауға кеңес берді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Азитромицин – кең спектрлі антибиотик, сол себепті алматылықтардан өзін-өзі емдеумен айналыспауын сұраймын. Ең алдымен учаскелік дәрігерге қаралу қажет. Бұл рецептпен берілетін дәрі. Оны қабылдағаннан кейін асқынып, соңы ауыр болуы мүмкін", - деді Дурманова.
Сондықтан да ол антибиотиктерді дәрігер тағайындауынсыз сатып алмауға кеңес беріп, қажет болса дәрігерді үйге шақырып, рецепт жаздыртып алуды ұсынды.
Сондай-ақ, Дурманова тұрғындарды дәрілерді артығымен сатып алмауға шақырды.
"Дәл қазір ол дәрі сізге қажет емес. Алайда, сіз оны керек болып қалуы мүмкін деп ойлап сатып аласыз. Ал ол басқа біреуге шынымен қажет болуы мүмкін", - деді ол.
Қауымдастық дәрілерді рецепт бойынша берілуін талап етуде
Сонымен қатар Дурманова қауымдастық тарапынан дәрілерді тек мамандар рецепті арқылы сату үшін қандай шаралар қолданылып жатқанына тоқталды.
"Қауымдастық дәрілердің рецепт бойынша берілуін талап ету бағытында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы, біз өзгерістер енгізу туралы немесе бөлек заң шығару туралы ұсынысымызды айттық. Ол жерде коронавирустың алдын алуға, емдеуге арналған бактерияға қарсы препараттар науқасқа қажет болса, егер Whatsapp арқылы немесе қағазға жазылған түрде дәрігердің тағайындауы болса, Қазақстан заңнамасын бұзбау үшін, бұл препаратты сатуға рұқсат етуді сұрадық. Қазір бұл ұсыныс мемлекеттік органдарда қаралып жатыр", - деді ол.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен ауырғанда қандай халық емін қолдануға болмайды?
Айта кетейік, Алматыда 7 591 адам коронавирус жұқтырды. 4 411 науқас дертінен айықты, 54 адам қайтыс болды.