АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қала дәріханаларындағы себептің неден туындағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, кезек әлеуметтік арақашықтықты сақтау бойынша қатаң шаралардың қабылдануына байланысты туындап отыр.
"Осыдан 2-3 апта бұрын пандемияның өршуіне байланысты жеке дәріханаларда дәрі-дәрмекке деген сұраныс өсті. Парацетамолдың өзі мамыр айында қала бойынша 50 мың данасы тұтынылса, шілденің басында күніне 100 мың данасы сатылды. Өткен жылы термометрдің 100 мың данасы сатылса, қазір 2-3 күннің ішінде 50 мың термометр сатылды", - деді Тұяқбаев.
Айтуынша, дәріханалар мұндай сұранысқа дайын болмады, алайда қазір тиісті шаралар қабылданып, жағдай тұрақтанды.
"Бастапқыда логистикалық компаниялар, дәріханалар мұндай сұранысқа дайын болмады. Дер кезінде кәсіпорындарда шешім қабылданды. Кейінгі бір аптада дәріханаларда дүрлігу жоқ. Дәріханадағы кезек әлеуметтік арақашықтықты сақтау бойынша қатаң шараларды сақтаудың нәтижесінде туып отыр. Үлкен дәріханаларда дәрінің түрі де көп болатындықтан, адам да көп келеді, сөйтіп кезек қалыптасты. Қазір сұраныс дер кезінде жеткізіліп отыр", - деді ол.
Сонымен қатар әкім орынбасары қалада күнделікті дәріханаларға екі рет бақылау жүргізіліп, қандай дәрінің қажет екені нақтыланатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты
Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы 105 дәріханаға 41 түрлі дәрі жеткізіліп отыратынын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ, Алматыда дәрі-дәрмектің тұрақты қорын жасау үшін бес миллиард теңге бөлінді.