НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылар құқығын қорғау комитеті мамандарының араласуымен тұтынушылардың 5 миллион теңгеден астам ақшасы қайтарылған. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Комитетке мейрамханалар мен кафелерде немесе басқа да жерлерде түрлі отбасылық мерекелер тойлау жоспарланып, бірақ өтпей қалғаны үшін қаражаттың қайтарылуына қатысты 47 өтініш түскен.
"Осылайша, қазақстандықтар жалпы сомасы 7,5 миллион теңгенің қайтарылуына қатысты көмек сұрады. Бүгінге дейін 5 миллион теңгеден астам соманың қайтарымы жасалды", – деп жазды сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі парақшасында.
Наурыз айының ортасында коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда карантин мен төтенше жағдай жариялағаны белгілі. Соның аясында кез келген ұжымдық немесе отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.
Сондай-ақ, министр өз жазбасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті орындалмаған туристік турлар үшін 24,2 миллион теңге сомасындағы қаражатты қайтаруды сұраған 85 өтінім қаралғанын атап өтті. Оның ішінде 23,5 миллионы шетелдегі демалыстарға, 670 мың теңге ел ішіндегі туристік нысандарға төленген болса, қазірге дейін тұтынушыларға 4,2 миллион теңге қайтарылған. Сонымен қатар тараптар арасындағы өзара келісім бойынша, кейбір турларды кейінге қалдыру туралы мәміле жасалды.
Оқи отырыңыз: Вице-премьер тығылып той өткізетіндер туралы айтты
Айта кетейік, Сұлтанов өз жазбасында тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті тұтынушының заңды талаптары орындалмаған жағдайда қызмет ұсынушыға немесе сатушыға айыппұл төлетуге құқығы бар екенін еске салып өткен.