Қоғам

"Халық сенбей отыр": Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады

© Photo : Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіАйнұр Тұрсынбаева
Айнұр Тұрсынбаева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тұрсынбаева халықтан жиналған ақшаға 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алғанын, алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты

АЛМАТЫ, 10 шілде – Sputnik. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, денсаулық сақтау министрі мен қорғаныс министріне үндеу жолдады.

Тұрсынбаева халықтан жиналған ақшаға 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алғанын, алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты

"Адамдар шыбынша қырылып жатыр. Адамдар өз ажалынан емес, дәрінің, жағдайдың, аппараттың, ауруханада орынның жоқтығынан өліп жатқанын мойындауымыз керек. Қазаққа қастандық жасалды! Осы жағдай жүрегімізге батқан соң қоғам белсенділері қосылып халықтан ақша жинадық", - деп жазды Тұрсынбаева Instagram парақшасында

Айтуынша, Түркияда сатып алынған аппаратты Қазақстанда СК "Фармация"компаниясы күтіп алады. Ал ол мекемеге ақша жинаған белсенділер сенім артпай отыр.

"Ақшаны жинап Түркия мемлекетінен 125 аппарат сатып алдық. Бұл аппарат Қазақстанда 500-800 мың көлемінде сатылып та жатыр. Халықтың ондай қымбат аппарат алатын жағдайы жоқ екенін менсіз де білетін шығарсыздар. Елшіліктің көмегімен шекара шығынынан да құтылғандай болып едік. Бірақ 125 аппаратты, яғни 2 тонна жүкті тұтас жіберетін мүмкіндік жоқ екен", - дейді ол.

Біз алған аппаратты Қазақстанға барған соң СК "Фармация" деген мекеме қабылдап алады. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр, деп толықтырды айтыскер.

"Осы аппараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жіберсе, тұтас апаруға болады", -деді ол.

Үндеуінің соңында айтыскер ақын Түркиядағы зауытпен екі аптада арзан бағаға 500 аппарат сатып алуға келісім жасалғанын, оның ақшасын жинауға мүмкіндік бар екенін айтып өтті.

Еске сала кетсек, бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент коронавируспен күрес саласында туындаған қиындықтар үшін кінәлі адамдарды жауапқа тартуға тапсырма берді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" басшылары жұмыстан шығарылсын немесе тергеуге алынуы керек, деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сынға алған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жұбайы, тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова жариялаған жазбаның скриншоты желіде тарап кеткен болатын. Әйел күйеуінің өзіне "он екінші көлік сыйлағанын" жазған.

Жаңалықтар
0