НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент карантинді сақтау халықтың денсаулығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін аса қажет екенін атап өтті.
"Карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады. Себебі олар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Салғырттыққа, бейқамдыққа жол бермеу керек", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болатынын айтты. Мұны шет елдердің тәжірибесінен байқауға болады.
"Ал біздің елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Министрлік елімізде пневмонияның жаңа түрі шыққаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді
Айта кетсек, карантин режимін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 340 теңге, ал кәсіпкерлерге 230 АЕК-тен немесе 638 940 теңгеден жоғары айыппұл салынады.