Өңірлер

Маңғыстауда дәрігер тапшылығы қалай шешілуде: әкім жағдайды түсіндірді

© REUTERS / ALAA AL-MARJANIМедики в защитных костюмах в коридоре больницы с коронавирусом
Медики в защитных костюмах в коридоре больницы с коронавирусом - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыста 1 025 адам өкпе қабыну дертіне шалдығып, ем алып жатыр

АЛМАТЫ, 9 шілде – Sputnik. Ресейден Қазақстанға келген дәрігерлердің бесеуі Маңғыстау облысында жұмыс істейтін болады. Қазір өңірде бес жүзге тарта медицина қызметкері жетпей отыр. Бұл жайында брифинг кезінде облыстың әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, қалыпты жағдайда облыста 300-ге тарта дәрігер жетпейтін, ал осы жағдайда 500-ге тарта медицина маманы қажет болып отыр. Бүгінде облыс гранты негізінде медицина саласында 500-ге тарта студент оқып жатыр. Биыл соның ішінде 77 маман диплом алып келуі тиіс.

"Одан бөлек Ресейден Қазақстанға келген дәрігерлерді сұратып жатырмыз. Бізге бес дәрігер жібереміз деген жоспар бар. Егер ол дәрігерлер келсе, бізге үлкен көмек болады", - деді Трұмов.

Сонымен қатар облыс әкімі Мәскеудің медицина институттарымен, Грузия елшілігімен келісіп, қосымша дәрігер шақырып жатқанын айтты.

"Мәскеудегі институттармен байланысқа шықтық, ол жақтан 11 дәрігер келгелі жатыр. Грузияның елшілігімен сөйлесіп, дәрігер шақырту жөнінде келісіп жатырмыз. Мұның бәрі үкімет деңгейінде шешілуі қажет. Келген дәрігердің барлығында лицензиясы, ем-дом жасауға министрлікпен келісімі болуы керек", - деді өңір басшысы.

Өзге өңірлерге қарағанда облыста карантин қатаң сақталған

Сондай-ақ, әкім карантин шараларының басқа өңірлермен салыстырғанда біршама қатаң сақталып жатқанын атап өтті.

"Төтенше жағдай кезінде өңірде ақуал жақсы болды. Мамырда төтенше жағдай аяқталып, карантин шаралары жеңілдетілген кезде пойыз, ұшақ қатынасы іске қосылды және "Теңізшевройл" жұмысшыларының келуіне байланысты қазір эпидемиологиялық ахуал қиын жағдайда тұр. Сондықтан карантинді қатаң сақтау қажет. Карантиндік режимді кей өңірден қаттырақ ұстап отырмыз", -  деді Трұмов.

Өңір басшысының айтуынша, облыста 1 025 адамның өкпе қабыну дертіне шалдығып, ем алып жатыр. Сондай-ақ, облыстағы әр елді мекенде провизорлық орталық ашылды.

"Ақтау, Жаңаөзен қаласында жағдай қиын болып отыр. Азаматтардың саны күрт өсіп кетуіне байланысты облыстық аурухананы көпбейінді провизорлық стационарға айналдырдық. Науқастарды бір жерге топтастырып, барлық медициналық күш бір жерге топтастырылды", - деді облыс әкімі.

Ал облыстық ауруханада басқа диагнозбен ем алып жатқан науқастар жеке емханаларға ауыстырылды.

"Бұған дейін облыста 95 жасанды тыныс алу аппараты болды. Маусымның басында "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы 20 аппарат алып берді. Одан бөлек тағы 20 аппаратқа тапсырыс берілді, оның 12-сі іске қосылды. Қалғаны шілденің жиырмасына дейін жеткізіледі. "Қазмұнайгаздың" шешімімен "Қазақкөліктеңізфлоты" 20 тыныс алдыру аппаратына 320 миллион теңге көлемінде төлем жасап жатыр. Бюджеттен тағы 40 аппарат алуға қаражат бөлінді. Бұл жергілікті жерден шығатын жасанды тыныс алдыру аппараты", - деп толықтырды облыс әкімі.

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлеріне қатысты екі бапқа өзгеріс енгізу ұсынылды

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 53 021 адамға жетті. 35 137 адам жазылып шықты, 264 адам қайтыс болды.

Жаңалықтар
0