НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов спорт сарайында ашылған стационарда науқастарды емдеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бізде 1 маусымға дейін күндізгі стационарлардың бәрі жабық болған. Жоспарлы емдеу тоқтатылған еді. Қазір маусымның басынан бері 51 жерде күндізгі стационар ашылды. Барлығы 628 төсек орын бар. Күніне 2 000 мың адам сол жерде емделіп жатыр. Оның бәрі тегін", - деді Әйтенов бүгінгі онлайн брифингте.
Әкімнің айтуынша, жеңіл атлетикалық манежде қосымша 380 орын жасақталды.
"Бірақ ол жерге даладан келіп емделуге рұқсат жоқ. Себебі біз алдымен науқасты қарап, оның ауруын түсінуіміз керек. Дәрігерлер рецептін жазуы қажет. Содан кейін ғана манежде ашылған стационарға жатып, емделе алады. Емханада орын жетпей қалса, дәрігер жолдама жазып, манеждегі стационарға жібереді", - деп атап көрсетті Әйтенов.
Айта кетейік, соңғы кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Шымкенттегі жеңіл атлетика манежінде түсірілген видео тарап жүр. Автор күндізгі стационарды ішінен түсіріп, тоңазытқышта тұрған дәрілерді көрсетеді. Сосын медбикеден стационардың жұмысы туралы сұрайды.
"Бұл жерде дәрілер тегін, емханалар өздері жеткізеді. Бұл – күдізгі стационар. Таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жатып кетуге болады. Сенбі мен жексенбі күндері де істейді. Осының арқасында емханалардың күндізгі стационарларында адам кезегі болмайды", - дейді автор.