Қоғам

Президент дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі қай кезде шешілетінін айтты

© Sputnik / Алексей Даничев / Медиабанкке өтуДиабетические препараты
Диабетические препараты - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде шамамен 30 мың науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл қазіргі қажеттіліктен 70 процентке көп

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын күндері дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесінің шешілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде медициналық препараттарды сертификаттау шаралары қысқа уақыттың ішінде атқарылады. Осы саладағы мемлекеттік сатып алулардың арнайы тәртібі ұзартылды. Қазақстанда тіркелмеген вирусқа қарсы препараттарды бір рет кіргізу тәртібі де жеңілдетілді. Ондай тапсырыстар бір тәуліктің ішінде қаралады. Коронавирусты емдеуге арналған отандық препараттар да шұғыл тіркеуге қойылады. Осының арқасында қажетті дәрі-дәрмекті ауруханалар мен дәріханаларға дер кезінде жеткізуге мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз: Тоқаев ұлттық аза тұту күнін жариялады 

"Бүгінде стационарлар үшін шамамен 30 мың науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл қазіргі қажеттіліктен 70 процентке көп. Бөлшек сауда желісіне де медициналық препараттар түсіп жатыр. Парацетамолдың 800 мың қаптамасы жеткізілді. Осы аптаның аяғына дейін тағы 900 мың қаптаманы әкеледі. Ал антибиотиктердің 150 мың қаптамасы дәріханалар желісіне тапсырылды. Жақын күндері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы шешіледі", - дейді Тоқаев.

Осы орайда мемлекет басшысы халықты дүрбелеңге салынып, дәріні артығымен алмауға үндеді. Себебі одан тапшылық басталады.  

"Бүгінде кейбір ұятсыз пысықайлар осы жағдайды пайдаланып, табыс көргісі келеді. Олар халықты әдейі дүрліктіріп қояды да, қажетті дәрі-дәрмектің бағасын көтеріп отырады. Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары ондай алыпсатарларды жауапқа тарта бастады. Әкімдіктер де қоғамдық рейдтер жасау арқылы заң бұзушылықтарды анықтап отыруы тиіс", - дейді Тоқаев.

Жаңалықтар
0