НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде — Sputnik. Желіде коронавирустан көз жұмған дәрігерлерді еске алуға арналған видео жарияланды.
Роликті шымкенттік гинеколог-дәрігер Әлібек Демеуов жариялаған болатын. Видео әлеуметтік желілерде тарап кетті.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы видеодағы тоғыз дәрігер қаладағы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істегенін мәлімдеді.
"Медицина қызметкерлері 3 маусым -7 шілде аралығында көз жұмды. Олар хирург, педиатр, гинеколог, лаборант, УЗИ маманы болып қызмет еткен. Өлім себебі - екіжақты пневмония", - деді денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Желіде кейінірек жарияланған роликтегі тізімге 16 медицина қызметкері енген.
Бұған дейін бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова елде коронавирус жұқтырғандардың 11,5%-і медицина қызметкерлері екенін айтқан болатын. Бұл шамамен 5 мың адам. Олардың 18-і қайтыс болды.