НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Эстония билігі сөз бостандығы қағидаларын бұза отырып, Sputnik Эстония қызметін шектеуді жалғастыруда. Бұл туралы "Әлем БАҚ көзімен - 2020" атты халықаралық конференцияда басылым жетекшісі Елена Черышева айтты.
Іс-шараға Sputnik-тің америкалық және еуропалық басылымдарының өкілдері де қатысты. Сондай-ақ, конференцияда Ресей СІМ ақпарат және баспасөз департаментінің директоры Мария Захарова мен америкалық тәуелсіз журналист Ева Бартлетт және швейцариялық жазушы Ги Меттан сөз сөйледі.
Конференциядағы негізгі тақырыптардың бірі Sputnik-тің Балтық елдеріндегі өкілдіктеріне жүйелі түрде қысым көрсету туралы болды. Елена Черышеваның айтуынша, Sputnik Эстония - Балтық аймағындағы өзгеше көзқараспен күрестің айқын мысалы.
"Біз әкімшілік қысым мен экономикалық блокада, саяси цензураға ұшырап, ақыр соңында қылмыстық қудалау қаупін сездік", - деді Черышева өз сөзінде.
Елена Черышева 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері Эстониядағы Spuntik веб-сайты көп жағдайда төтенше режимде жұмыс істейтінін еске салды. Өйткені, журналистер "Ресей сегодня" ХАА-мен жұмыс істеуді жалғастырса, "Еуропалық санкцияларды сақтамау" бабы бойынша олардың үстінен қылмыстық іс қозғалатынын полиция департаменті мен республиканың шекара күзеті ескертіп, шарт қойған соң агенттік қызметкерлері жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
Черышева Sputnik Эстонияға қатысты Еуропаның позициясынан қорқатынын айтады.
"Брюссель үнсіз, ал бұл қылмыстық тыныштық", - деді журналист.
"Жалпы алғанда, олар Эстонияның Sputnik-ті жабу тәжірибесін зерттей бастаған басқа елдерге қол созуда", - деді Черышева.
Агенттік редакциясы қол жеткізгісі келген жалғыз нәрсе – салықтық төлемдерді жүргізуді уақытша тоқтату.
"Біз Эстония мемлекетіне салық төлеуді жалғастыра береміз", - деп түсіндірді Елена Черышева.
Журналист және саясаттанушы Армен Гаспарянның пікірінше, еуропалық құрылымдардың басылымды бұғаттауға реакциясы Балтық елдерінде сөз бостандығының жоқтығын көрсетеді.
"Батыста Sputnik Эстонияға қатысты аз ғана дауыстар естілді. Негізінде, олай болмайды. Бұл мәселеде кең ауқымды іс-әрекеттер көрінбейді", - деді Гаспарян.
Сарапшының айтуынша, еуропалық ұйымдар әңгіме ресейлік БАҚ туралы болғандықтан араласпау ұстанымын таңдаған.
"Sputnik-ті бірқатар елдерде қудалау қалыпты жағдайға айналды. Мүмкін біз сөз бостандығын дұрыс түсінбейтін шығармыз? Бәлкім, бұл терминге сөз бостандығы дегеніміз – кез-келген шындықты ескермеу керек деген толықтырулар енгізу керек шығар? ", - деп сауал тастады Гаспарян.
Гаспарянның бұл сөзін Франциядағы Sputnik редакциясы да растайды. Олар президенттік пулға әлі тіркелмегендіктен Елисей сарайына бара алмайды. Бұл туралы агенттік өкілі Марья Липатова атап өтті.
Оқи отырыңыз: Мәскеуде Sputnik Эстония қызметкерлерін қолдау мақсатында акция өтті - ВИДЕО
Сонымен қатар Марья Липатова агенттік ресейлік саясаткерлердің сөздерін француз тіліндегі аудармасымен жариялап жатса да, Sputnik Франция үнемі жалған жаңалықтар таратады деп айыпталып отыратынын еске салды.
Айта кетейік, "Әлем БАҚ көзімен - 2020" конференциясы Ресей мен әлемдегі журналистиканың қазіргі жағдайын талдауға арналған алаң. Конференция Russia Today халықаралық мультимедиялық баспасөз орталығында 7 шілдеде коронавирустық пандемияға байланысты онлайн форматта өтті.