НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Дәріхана қызметкерлері алыпсатарларға көмектесіп отырады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде дәрі-дәрмекті алып сату оқиғалары аз емес. Пысықай азаматтар, кей кезде дәріхана қызметкерлері де, дәрілерді фискалды чек бермей, сатып отырған. Содан тапшылық туындады. Ал халық негізсіз қымбат дәрілерді алуға мәжбүр болды", - деді Цой бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, күні кеше ғана астанада жеңіл көліктің иесі ұсталды. Оның жүксалғышы дәрі-дәрмекке лық толы болған. Барлығы 689 қаптама тәркіленді. Соның ішінде "Цефтриаксон", "Азимитрамицин", "Ингавирин", "Сумамед", "Эуфиллин" және тағы басқа препараттар бар. Көлік иесі барлық препараттан 1 милллион теңгеден астам табыс табуды көздеген.
"Шымкентте пысықай бір әйел жеке меншік үйде сауданы ашқан. Тексеру кезінде дәрілердің 229 түрі тәркіленді. Соның бәрі 10 459 қаптамада болған. "Ингавирин", "Дексаметазон" және тағысын тағы. Дәрілерді сақтауға қажетті ешқандай санитарлық жағдай жасалмаған. Тоңазытқыш та қойылмады", - деп атап көрсетті Цой.
Түркістан облысындағы Жетісай қаласында дәріхана қызметкері "Цеф-3" препаратының 336 қаптамасын бір адамға сатқан. Ал Атырауда косметологиялық клиника мамандары дәрі-дәрмек саудасын заңсыз жүргізген. Клиникада тиісті рұқсат қағазы да болмаған.
"Заңсыз сауданы клиника иесінің өзі бастаған. Ал препараттардың бағасы бірнеше есеге қымбат болды. Мәселен, вирусқа қарсы "Ингавирин" препаратының бағасы 5 000 теңге болса, оны үш есеге қымбат сатты. Ал "Парацетамолдың" құны он есеге артық қойған. Жалпы, клиникада 5 мыңнан астам қаптама тәркіленді", - дейді Цой.
Ресми мәліметке сәйкес, бір күннің ішінде республика бойынша дәрі-дәрмекті заңсыз сатқан 46 адам полицияғи жеткізілді. Олардан сан алуан дәрілердің 20 884 қаптамасы тәркіленген.