НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik, Айжан Нұрғазинова, Нұргүл Абай. КОКП Орталық комитетінің соңғы бас хатшысы, КСРО басшысы Михаил Горбачев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қандай қасиеттері үшін бағалайтынын айтты.
Бір сұқбатында Михаил Горбачев Назарбаевты КСРО премьер-министрі етіп тағайындауға дайын болғанын айтып қалған еді. Қазақ саясаткерінің табандылығы мен жауапкершілігі Одақ басшысын тәнті еткен.
"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Кеңес Одағының саяси аренасында пайда болғанынан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Ол кезде Қазақстан елге біртуар саясаткер сыйлағанын бәрі атап өткен шығар деп ойлаймын. Бірақ мен бұған таңғалған жоқпын. Өйткені республиканың әлеуеті, соның ішінде кадрлық, ең дұрысы адами әлеуеті өте мол ғой. Бұл кісінің іске мемлекеттік көзқараспен қарайтыны бірден назар аудартты. Табанды әрі жауапкершілік сезімі зор. Сол уақытта бұл қасиеттер көбіне жетіспейтін. Назарбаевтың шаруашылық және саяси тәжірибесі, Одақты сақтауға қолдау көрсетуі оны премьер қызметіне лайықты кандидат санауға негіз болатын", - деп еске алды Горбачев Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында.
Ол Назарбаевтың осы қасиеттерінің арқасында бүгінде Қазақстан қуатты, дамушы, заманауи мемлекетке айналды деп санайды.
Тағы оқыңыз: Карантинмен тұспа-тұс келген мерейтой: Назарбаев 80 жасқа толды
"Біз бәріміз оның Қазақстан мен Ресей арасында достық пен етене серіктестікті сақтауға және нығайтуға деген ұмтылысын ерекше бағалауымыз қажет", - деді КСРО басшысы.
Горбачев Назарбаевқа жаһандық сын-қатерлерді, олардың ел ішінде шешілетін міндеттермен өзара байланысын терең ұғыну қасиеті тән екенін атап өтті.
"Біз онымен қарусыздандыру, даму, экология мәселелері жайлы хат алмастық. Мен оның бастамалары мен ұсыныстарын үнемі қолдайтынмын. Әлем елдері көшбасшыларының оны жоғары бағалауы заңдылық", - дейді ол.
Осы орайда КСРО-ның соңғы басшысы Қазақстанның тұңғыш президентіне өз бағасын берді.
"Нұрсұлтан Назарбаев – әлем лидерлері арасында лайықты орын иеленген ірі мемлекет қайраткері. Оның қызметі жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде оның қол жеткізген жетістіктері Қазақстан шегінен асып, бүкіл әлемге үлгі болуда", - деді Горбачев.
Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 6 шілде күні сексен жасқа толды.
Елбасының мерейтойы биыл карантинмен тұспа-тұс келіп тұр. Осыған байланысты елде бұқаралық шаралар мен мерекелік концерттерге тыйым салынған.