НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Ресей, Беларусь, Өзбекстан мен Қырғызстанның басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады, деп хабарлады Elbasy.kz.
Владимир Путин Елбасының саяси көрегендігі мен мол тәжірибесі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық процестерді күшейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Ресей басшысына жылы лебіздері үшін алғысын білдіріп, Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарды нығайтуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Өзбекстан президенті де Назарбаевқа 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, мықты денсаулық, бақыт және Қазақстанның өркендеуі жолындағы жауапты қызметіне жаңа жетістіктер тіледі.
"Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевтың зор күш-жігерінің, парасатты және көреген басшылығының арқасында Қазақстан өзінің үлкен экономикалық және зияткерлік әлеуетін тиімді пайдаланып, әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналғанын атап өтті. Өзбекстан көшбасшысы Тұңғыш Президент тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ халықаралық аренада да зор құрмет пен беделге ие болғанын атап өтті", - делінген ресми хабарламада.
Беларус президенті Александр Лукашенко Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқының біраз жетістікке жеткенін және табысты мемлекеттің құрылғанын айтты. Ал Сооронбай Жээнбеков Қазақстанның сәтті дамуы және оның халқының әл-ауқатының өсуі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екенін, ал Ұлт көшбасшысының тәжірибесі мен беделі өңірдегі интеграциялық үдерістерді дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін өз құттықтауларын ҚХР, Әзербайжан, Украина, Армения, Литва, Латвия, Польша мен Иордания басшылары жеткізген болатын.