АЛМАТЫ, 6 шілде– Sputnik. Алматыда 6 шілдеде қоғамдық көлік жұмысы тоқтады. Бұл туралы Алматы қаласының көлік холдингі хабарлады.
"Жолаушылар ағымының аз болуына байланысты 6 шілдеде Алматы қаласының қоғамдық көлігінің жұмысы тоқтатылды. Барлық жылжымалы құрам дезинфекциялауға жіберілді", - делінген ақпаратта.
Қаладағы қоғамдық көлік жұмысы 7 шілдеде сағат 6:00-ден бастап қайта іске қосылады.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа байланысты бесінші шілдеден бастап екі аптаға карантин күшейтілді. Соған сәйкес, қалааралық автобус қатынасы тоқтатылды, алайда жеке автокөлікпен жүре беруге болады. Карантинге байланысты кей пойыз уақытша жүрмейді, кейбірінің қатынау жиілігі қысқарды. Қала маңында қатынайтын электр пойыздарының қозғалысы тоқтатылды. Пойызбен жүру үшін ПТР тест анықтамасы қажет емес.
Сонымен қатар қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектелді. Енді автобустар таңғы уақытта 06.00-ден 10.00-ге дейін, ал кешке 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік 14 күнге тоқтайды. Автобустар мен автопарктерде дезинфекция жүргізіледі.